This post belongs to our series of blog posts in different languages. Check the posts in Ukrainian, Spanish, Turkish, German, Hindi, Russian, Chinese, and Latvian.
English summary: Studying at the University of Tartu is a life-changing milestone for me. I cannot be more grateful for the friends I made, the lessons learned and the experience acquired during my stay here. In this blog post, I’m outlining how I went from being completely unaware of what’s student life like in Estonia to appreciating the plethora of opportunities the University of Tartu has to offer.
- Неліктен сіз Тарту университетін таңдадыңыз?
Алғашында мен жанға жақын достарды, мүмкіндіктер мен көзқарасымның кеңеюін Эстониядан табатынымды елестете де алмадым! Оқу орны ретінде Эстония басқа мемлекеттердей тым әйгілі емес. Шынымды айтсам, мен өзім де Тарту университетіне басынан көңіл аударған жоқпын. Оны әлемдік университеттердің арасында жетекші тізімде көргеннен соң таптым. Тарту оқу орны QS World University Rankings 2021 бойынша топ 1,2%-ына кіреді. Мені әсіресе таң қалдырғаны, бұл университеттің қол жеткізген жетістіктермен тоқтап қалмай, алға ірі қадаммен дамуы. Осы жылы ол Орталық және Шығыс Еуропа мен Орталық Азия университеттері арасында екінші үздік университет ретінде танылды. Бірақ рейтингтер мен сандар туралы жеткілікті! Олар Ғаламторда да қол жетімді және барлық жетістіктерді қысқаша тізіп шығу мүмкін емес.
Эстонияға қайта оралайық, неге дәл Эстония? Егер мен параллельдер жүргізетін болсам, онда Эстония мен Тарту университетін жақсы таныс наубайханамен салыстыруға болады, онда дәмді, жаңа піскен нан пісіріледі, сапасы болса алдыңғы қатарда! Мұнда бәрі әсіресе жайлы және ыңғайлы, бірақ ол кеңінен танымал емес. Университет Эстониядағы ең ірі және Балтық бойы елдерінің ішіндегі ең жақсы жоғары оқу орны болғанымен, көпшілік үшін, өкінішке орай, әлі күнге дейін ашылмаған қазына болып қала береді. Міне, менің қуанышыма, осы тыныш, жоғары технологиялы елмен танысудың сәті түсті деп ойлаймын.
- Тарту университеті туралы ең сүйікті 3 нәрсеңіз қандай?
Мен Еуропа мен Азияның әртүрлі елдеріндегі көптеген университеттерге құжат тапсырғаным рас. Мен бизнес және экономика компоненттерін қамтитын бағдарламаны іздедім, бірақ ол сонымен қатар әмбебап болса және әр түрлі бағыттағы пәндерді біріктірсе деп қаладым, өйткені сол кезде мен үшін не қызық болатынына сенімді болмадым. Тарту Университетіндегі “Іскери Әкімшілік” бағдарламасы әртүрлі іргелі пәндерді біріктіреді және өзіңді әртүрлі салаларда сынап көруге мүмкіндік береді. Маған дәріскерлер мен практиктердің оқу материалын сапалы жеткізуінен бөлек, бағдарламаның икемділігі және мүлдем басқа факультеттерден қосымша пәндерді таңдау еркіндігі ұнайды. Мысалы, мен Python бағдарламалау тілін үйрену курсынан өттім және эстон тілінде жаңадан бастаушыларға арналған элективті алдым.
Сондай-ақ, бизнес-экономика факультетінің студенттері үшін сабақ өтетін қала орталығында жақында ашылған, болашақты болжайтын Дельта ғимаратының үш негізгі университеттік жатақханадан екі-төрт минуттық жерде орналасқаны туралы айтпай кете алмаймын. Кешеннің өзі зерттеу «хабы» болуымен қатар, цифрлық технологиялар орталығы болып саналады, мұнда сіз тыныш жұмыс істей аласыз немесе достарыңызбен топтық жобаларды талқылау үшін жиналасыз.
Алайда мен үшін Тарту университетін таңдаудың шешуші және бірдей тартымды факторы ол – білімнің қолжетімділігі және академиялық жетістіктерді молынан марапаттайтын жүйе болды. Университет көптеген бюджеттік орындарды, әсіресе магистратураға арналған орындарды бөледі, сонымен қатар студенттерге қаржылай қолдау көрсетіп, көптеген гранттар, стипендиялар мен жәрдемақылар алуға мүмкіндік береді. Осылай, менің Іскери Әкімшілік бағдарламам бойынша қабылданған 25 үміткердің ішінен ең үздік бес үміткерге бүкіл оқу кезеңіне төлемнен толық бас тарту беріледі.
Сонымен қатар, университет жыл сайын мансап жәрмеңкелерін ұйымдастырады және бос жұмыс орындары, гранттар және басқа да қызықты ұсыныстар туралы апта сайын электрондық хаттар жібереді. Менің Іскери Әкімшіліктен және магистратурадан біраз достарым эстондық стартаптарда және халықаралық компанияларда оқу бітіргенге дейін, атап айтқанда IT және бизнес саласында табысты жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін өзім де Тарту университетінің маркетингтік кеңсесінде 3 айлық тағылымдамадан өтіп, құнды жұмыс тәжірибесін жинадым.
- Сіз үшін Тарту университетінің студенті болу нені білдіреді?
Жалпы, Тарту қаласына келгенде, уақыт өте келе кәсіпкерлік, инновация және ғылым рухы ауада серпілуін сезе бастайсыз. Мүмкін, бұл қалада хакатондар, стартап-акселераторлар, тәлімгерлік бағдарламалар, семинарлар мен көптеген мәдени іс-шаралар жиі өткізілетіндіктен болар. Сондықтан, қаланың өзінде босаңдық пен тыныштық атмосферасы бар болса да, оның жалықтырмауы сөзсіз. Егер сіз әлі де бір немесе екі семестрге бір шекарадан шыққыңыз келсе, онда Тарту Университетінде көптеген серіктестік келісімшарттар бар, оған сәйкес сіз АҚШ, Австралия, Оңтүстік-Шығыс Азия және көптеген Еуропа елдеріне білім алуға баруға болады. Мысалы, мен Бельгиядағы Антверпенде, Erasmus+ айырбас бағдарламасы бойынша КУ Левен университетінде семестр оқыдым, бұның өте жағымды және маңыздысы – өмір сүру шығындарын өтеуге гранттар беріледі. Басқаша айтқанда, Тарту университетінің студенті болу мен үшін еркіндікті және көптеген мүмкіндіктерді шындыққа айналдыруды білдіреді.
Қорытындылай келе, Тарту Университеті тек бір, екі немесе үш және одан да көп жыл бойғы Эстонияда жай ғана оқу емес екенін айтқым келеді. Мен үшін Тарту Университеті сөзсіз батыл армандарды жүзеге асырудағы маңызды қадам, өзін-өзі жетілдіру мен өзін-өзі танудың жаңа кезеңі, ұмытылмас әсерлер мен қолайлы таныстар ағыны. Сізді қызықтыратын бағдарламаны байқап көруге тырысудан қорықпаңыз, оған қоса университетте бағдарламаның әр түсі мен талғамы бар, саны 27-ге жетеді!
Барлық болашақ студенттерге университеттің халықаралық студенттер елшілеріне сұрақтар қойып, көмек сұрап хабарласуға кеңес беремін. Біз сізге Тартуда оқуды жақындататын әр қадам туралы айтып береміз және жеке тәжірибемізбен бөлісеміз. Сондай-ақ, біз Эстониядағы студенттік өмірдің барлық нюанстары және Тарту университетіне құжаттар тапсыру туралы сөйлесетін орыс тіліндегі Telegram арнасын және ағылшын тіліндегі Facebook парағын белсенді түрде жүргізіп жатырмыз. Сұрақтарыңызды жіберуге қысылмаңыз! Бәріміз және мен өзім сізге көмектесуге қуаныштымыз! Сәттілік тілеймін, Тарту қаласында кездескенше!
P. S. Менің құрбым Асылжан Жақанға осы мәтінді қазақ тіліне дұрыстап аударуға көмектескені үшін зор ризалығымды білдіргім келеді.